Мархабат. 2026. – Наурыз (№3). – 112-113 б.

Қазақ халқының сөз өнерінде ерекше орны бар, айтыс өнерінің хас шебері, жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың туғанына биыл 180 жыл толып отыр. Бұл – қазақ әдебиеті мен мәдениеті үшін айтулы мереке. Жамбылдың шығармашылығы – халықтың рухани байлығы, ел тарихының айнасы, ұлттың асыл қазынасы.

Қазақ ауыз әдебиетінің энциклопедиясына айналған ақынның: «Жамбыл менің жай атым, халық менің шын атым» деуі өзін тіптен даралап тұғандай.

Болашақ ақын жастайынан домбыраға әуес болып, өлең-жырға құмар болып өседі. Оның ұстазы – атақты ақын Сүйінбай Аронұлы болған. Сүйінбайдан бата алған Жамбыл айтыс өнерінде шыңдалып, халыққа кеңінен танылды.

Жамбыл – айтыс өнерінің хас шебері. Ол өз заманындағы талай ақындармен айтысып, суырыпсалмалық өнердің биік үлгісін көрсетті. Ақын жырларында ел бірлігі, ерлік, әділдік, адамгершілік мәселелері кеңінен жырланды. Оның шығармалары халықтың мұң-мұқтажын, қуанышы мен қайғысын шынайы бейнелейді.

XX ғасырда Жамбылдың атағы бүкіл одаққа жайылды. Оның «Ленинградтық өренім!» атты өлеңі Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан мен тылдағы халыққа зор рух берді. Бұл туынды елге үміт пен жігер сыйлап, ақын есімін әлемге танытты. Жамбыл жырлары көптеген тілдерге аударылып, әлем әдебиетінің алтын қорына енді.

Жамбылдың 180 жылдығы – оның асыл мұрасын қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа насихаттайтын маңызды кезең. Ұлы ақынның есімі мен еңбегі халық жадында мәңгі сақталады.

Осыған орай оның өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, оқырмандардың әдебиетке және поэзияға қызығушылығын арттыру, жас ұрпаққа елдік, ерлік, бірлік, отансүйгіштік идеяларын сіңіру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, халық ауыз әдебиеті мен айтыс өнерінің маңызын көрсету мақсатында А. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханада «Ұрпаққа өнеге — Жамбыл шығармашылығы» атты әдеби кеш өтті. Сонымен қатар, «Жыр алыбы Жамбыл» атты көлемді көрме ұйымдастырылды. Кеш барсында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетіліп, мазмұнды баяндамалар оқылды. Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің көркемдік жетекшісі Бекзат Сәкенұлы Жамбыл жырларын нақышына келтіріп орындады. «Дәстүрлі ән сыныбының» оқушысы Ілесбек Бекарыс терме орындап, Батырбек Өтеп атындағы мамандандырылған «Өнер» мектеп-интернатының оқушылары Абай Архат пен Әбдісадық Мұхамеджан айтыс өнерін көрсетті. Оқушылар Жамбылдың өлеңдерін мәнерлеп оқып, ақын жырларындағы рух пен жігерді жеткізді.Сабыр Азамат күй орындап, кештің көркемдік мазмұнын байытты. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Сабырбек Нұрманұлы Жамбыл мұрасының тәрбиелік мәні мен маңыздылығына тоқталып, кешті қортындылады.

Жамбыл Жабаев – халық ақыны ғана емес, елдің рухани тірегі, ұлт мақтанышы. Оның шығармалары бүгінгі ұрпақ үшін тәрбиелік мәнін жоғалтқан жоқ. Ақын жырлары арқылы біз жас ұрпақты отансүйгіштікке, бірлікке, адамгершілікке тәрбиелейміз.

А. РСЫМБЕТОВА
Оқу залы секторының меңгерушісі
А. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасы