Кітап – тәуелділікке қарсы рухани күш
Уақыт. – 2026. 25 маусым. – (№18). – 5 б.

Жыл сайын 26 маусымда әлем жұртшылығы Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күнін атап өтеді. Бұл күннің басты мақсаты – есірткінің зияндылығына қоғам назарын аудару, салауатты өмір салтын насихаттау және жастарды зиянды әдеттерден сақтандыру.
Нашақорлық – жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне әсер ететін күрделі әлеуметтік мәселе. Есірткі адамның денсаулығын әлсіретіп, жүйке жүйесін зақымдайды, өмірге деген қызығушылығын төмендетеді. Оның салдары отбасының берекесінің кетуіне, қылмыстың көбеюіне және көптеген әлеуметтік қиындықтардың туындауына әкелуі мүмкін.
Мамандардың айтуынша, нашақорлықтың алдын алуда тәрбие мен рухани құндылықтардың маңызы ерекше. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортпен шұғылдану, өнер мен әдебиетке қызығушылығын арттыру олардың зиянды әдеттерден аулақ болуына ықпал етеді. Осындай сәттерде адамға дұрыс бағыт-бағдар беретін күш қажет. Сол күштің бірі әрі бірегейі – кітап.
Кітап – білімнің ғана емес, тәрбиенің, рухани байлықтың қайнар көзі. Кітап оқыған адам өз ойын саралап, өмірге деген көзқарасын кеңейтеді. Әдеби шығармалар арқылы адам жақсылық пен жамандықты ажыратып, тағдыр тауқыметін жеңген кейіпкерлерден үлгі алады. Бұл оның өмірлік ұстанымын қалыптастырып, зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауға көмектеседі.
Сондықтан жастарды кітап оқуға баулу – тәуелділіктің алдын алудың маңызды жолдарының бірі.
Бұл бағытта кітапханалардың да атқаратын қызметі зор. Кітапханалар оқырмандарға қажетті әдебиеттер ұсынып қана қоймай, түрлі көрмелер, кездесулер мен танымдық шаралар ұйымдастырады. Мұндай іс-шаралар жастардың рухани дамуына ықпал етіп, салауатты өмір салтын насихаттайды.
Қазіргі таңда А.Пушкин атындағы қалалық кітапхананың оқу залында «Өмірді таңда – есірткіден бас тарт» атты әдеби көрме ұйымдастырылған. Көрме оқырмандарды тәуелділіктің зияны, адам психологиясы, денсаулықтың қадірі мен рух күшінің маңызы туралы әдебиеттермен таныстырады. Ұсынылған кітаптар тәуелділіктің пайда болу себептерін, оның салдарын және оны жеңудің жолдарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Кейде дәл бір кітап маңызды әңгімеге бастау болып, адамға өз өміріне жаңаша көзқараспен қарауға және дұрыс таңдау жасауға жол ашады.
Дана халқымыз «Кітап – білім бұлағы» деп бекер айтпаған. Расында да, кітап адамға дұрыс жол көрсететін сенімді серік. Ол адамды ойлануға, ізденуге, өзін жетілдіруге жетелейді. Сондықтан кітапты өміріміздің ажырамас бөлігіне айналдырып, жастарды кітап оқуға баулу арқылы тәуелділікке қарсы мықты рухани қорған қалыптастыра аламыз. Кітап оқыған ұрпақ – саналы ұрпақ. Ал саналы ұрпақ – елдің жарқын болашағының кепілі.
Маржан БАЙЖАНОВА,
Ақпараттық-библиографиялық бөлімінің кітапханасышы
А. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасының
